Тоқаев Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Динара Амантай

Мемлекет басшысы ақша-несие саясатын тиімді іске асыруға бағытталған міндеттерді жүктеді

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысына Ұлттық банктің биылғы бірінші жартыжылдықта іске асырған ақша-несие саясатының алдын ала қорытындылары жөнінде есеп берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлемдегі және Қазақстандағы экономикалық ахуал, инфляция факторлары мен оны төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар, төлем балансының динамикасы, сондай-ақ БЖЗҚ, Ұлттық қор активтері мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйі баяндалды.

Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, Ұлттық банк қабылдаған шаралардың нәтижесінде инфляция бәсеңдеп келеді және банк болжамына сай қалыптасып отыр. Сонымен қатар президентке Ашық банкинг тұжырымдамасын қолданысқа енгізу және төлем нарығын реттеу мәселелері жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Ұлттық банкке ақша-несие саясатын тиімді іске асыруға бағытталған міндеттерді жүктеді.