Астанада жас кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын несие беріліп жатыр
Микронесиені алу үшін кепілге мүлік қойылады
Астанада 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын несие беріліп жатыр. Қала әкімдігінің хабарлауынша, өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс.
Жас кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейін несие ала алады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған, – делінген хабарламада.
Микронесиені алу үшін кепілге мүлік қойылады. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-анасын, туыстарын және т.б. - ред.) тартуға құқығы бар.
Жастарға микронесие беру туралы шешімді конкурстық комиссия қабылдайды. Оны алуға өтініштер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Астана қаласындағы филиалында Астана қаласы, Тұран даңғылы, 19/1, «Эдем» БО мекен-жайында қабылданады (анықтама телефоны: 8-701-006-16-38, коллцентр: 5353).
Ақпаратпен АНК сайтынан танысуға болады: https://agrocredit.kz/kz/main/our-activities/mikrokreditovanie-molodezhi/.