Астананың қаламгерлері 500 мың теңге сыйақының сертификатын алды (ВИДЕО)
Қазір қалада Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан аса мүшесі тұрады
Астанадағы Қаламгерлер аллеясында елорда әкімдігі мен «Қазақстан Жазушылар Одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының қолдауымен «Астана – шабыт арқауы» атты мәдени іс-шара өтті.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, мәдени іс-шарада ақындар мен жазушылар қолтаңба сессиясы мен кітаптар тұсаукесерін өткізді. Осы жерде Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы, Ғарифолла Есім, Әлібек Асқар, Серік Тұрғынбекұлы, Алдан Смайыл, Алтыншаш Жағанова, Шәрбану Бейсенова, Тұрсын Жұртбай және тағы басқа қаламгерлердің әрқайсысына елорда әкімінің 500 мың теңге көлеміндегі сыйақының сертификаты табыс етілді. Барлығы 80 қаламгер сыйақы алды.
Іс-шарада Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен «Қазақстан Жазушылар Одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы сөз сөйлеп, қаламгерлерді келе жатқан елорда күнімен құттықтап, сыйақының сертификатын табыс етті.
Астанада руханияттың қазынасы – қаламгерлердің аға буыны қалыптасқан. Бүгінде Астанада Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан аса мүшесі тұрады. Осыдан екі жыл бұрын елордалық жас ақын-жазушылардың 30-дан аса кітабы жарыққа шыққан болатын. Ол дәстүр әлі де жалғасын таба береді. Күні кеше араға 11 жыл салып, ақын-жазушылардың мүшайрасы өтті. Осындай дәстүрлі іс-шараларда қаламгерлер тек елорданың ғана емес, еліміздің руханиятына, мәдениетіне өз үлестерін қосып келе жатыр. Бүгін өздеріңізге ризашылығымызды, сый-құрметімізді көрсетейік деп отырмыз. Елорда күні құтты болсын! – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Ал ақын, Жазушылар одағының Астанадағы бас өкілі Дәулеткерей Кәпұлы елорданың 25 жылда ерке Есілдің жағасында көркейіп, қанат жайып, жалпы қазақтың қуанышына айналғанын, осы қалада тұратын ақын-жазушылар мемлекетіміздің маңызды дүниелеріне бей-жай қарай алмайтынын, қаламгерлер билік пен халық арасында алтын көпір дәнекері болып жүргенін атап өтті.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бүгін-ертең ақын-жазушыларды мереке қарсаңында құрметтеп, қадірлеу мақсатында 80 қаламгерге сыйақы табыс етіледі, – деді ол.
Сондай-ақ іс-шарада Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ «Астана – бейбітшілік және жасампаздық мекені» атты кітап көрмесін ұсынды.