Түркістандық ұстаз қымыздан балмұздақ пен сабын жасап шығарды

Динара Амантай

Педагог эко өнімдерді болашақта Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелге экспорттауды жоспарлап отыр

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

№11 Түркістан колледжінде «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша дәріс беретін педагог Жадыра Байдалы қымыздан балмұздақ пен сабын жасап шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа жобаның мақсаты – ұлттық балмұздақтың биологиялық құндылықтарға бай және адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеу. Қымыз балмұздағының басқалардан айырмашылығы – отта дайындалады және оның құрамы өзгермей, табиғи құндылығын сақтайды.

Біздің нарықта ұлттық өнімдер, оның ішінде қымыз өнімдерінің түрлері аз екенін байқауға болады. Балмұздақ жастарға да, балаларға да ұнайды. Қоспасыз биоөнімдер денсаулыққа да пайдалы, – деді Жадыра Байдалы.

Сондай-ақ педагог сусынның құрамында адам денсаулығына пайдалы табиғи иммундық қасиеттерге ие түйіршікті ақуыздар бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Жадыра Байдалы емдік пайдасы бар саумал қосылған сабын шығара бастады. Жобаны мемлекет қолдайтын болса, эко өнімдерді болашақта Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.