Halyq Uni логотип
×

Роман Скляр Павлодар мен Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды

Барлық учаскеде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр

 Динара Амантай 03.07.2023 | 09:57
Роман Скляр Павлодар мен Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды
Фото: primeminister.kz

Өткен сенбіде премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, Павлодар және Екібастұз қалаларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысымен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жұмыс сапары барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз ЖЭО-сына барып, тәулік бойы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді аралады.

Станциядағы 10 қазандықтың барлығын жөндеу көзделген, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жүргізіледі. Бюджет қаражаты есебінен 5 су жылыту қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «ОАЭК» АҚ қаражаты есебінен 5 энергетикалық қазандықты, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу іске асырылады.

1 шілдеде 2 қазандықты жөндеу аяқталды. Жөндеу жұмыстары 18 тамызда аяқталатын №6 энергетикалық қазандықта және 5 су жылыту қазандығында жалғасып жатыр. №11, 14, 15 су жылыту қазандықтарында ескі жабдықтарды бұзу жұмыстары аяқталып, экрандық панельдерді, газ құбырларын, конвективті пакеттерді және құбырлы ауа жылытқыштардың текшелерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Барлық учаскеде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жылу беру маусымының басына дейін барлық жұмыс аяқталуға тиіс. Тиісті қаражат бөлінді», – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Роман Скляр 4 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде болды. Мұнда 5,4 шақырым желі толығымен жаңартылады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде аталмыш учаскелерде 1,9 шақырым жаңа желі салынды. Жұмыстар белгіленген кестеден алда келе жатыр. Жоспарланған жұмыстардың барлық көлемін осы жылы тамыздың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Екібастұзда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылу беру кезеңіне дайындау белсенді жүргізілді. Қазір гидравликалық сынақтар барысында анықталған барлық 269 ақау толық көлемде жойылды. 690 көп қабатты үйдің 568-інде сығымдау, жүйелерді жуу аяқталды. Басқару нысаны жоқ 182 көп қабатты үйде дайындықты қала құраушы кәсіпорындар жүргізіп жатыр. Шілденің соңына дейін барлық жұмыс аяқталады.

Сонымен қатар премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар қаласындағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда негізгі жабдықтың 40 бірлігін жөндеу және 49,1 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Облыс орталығындағы жылу желілерінің тозуын азайту мақсатында 2023 жылы алғаш рет квартал ішілік желілер реконструкцияланып жатыр. Барлығы 11,7 км жаңа желілер салынатын болады.

Бірінші вице-премьер жылу желілерін жөндеу жұмыстарының мерзімінде орындалуы және өңірдегі жылу беру маусымына дайындық Үкіметтің басты назарында екенін және облыс басшылығының ерекше бақылауында болуға тиіс екенін атап өтті. Павлодардағы Ертіс өңірінің тұрғындары үшін алдағы жылу беру маусымдарының сәтті өтуі жергілікті билік пен мердігерлік ұйымдардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама