«Elorda Cup» турнирі: Сәкен Бибосынов чемпион атанды
Байрақты бәсекеге 10 елден 200-ден аса спортшы қатысып жатыр
Бокстан «Elorda Cup» халықаралық турнирінде Сәкен Бибосынов 51 келі салмақта чемпион атанды.
Ол финалда қазақстандық тағы бір былғары қолғап шебері Кенже Мұратұлымен кездесті. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Есеп – 5:0.
Айта кетсек, Сәкен Бибосынов – 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Ал 2021 жылы әлем чемпионы атанды.
Ал бүгін халықаралық турнирде финалдық жекпе-жектер өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде 10 елден 200-ден аса спортшы медальдар үшін таласуда. Олардың арасында Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және өзге де мемлекеттердің өкілдері бар.