Қымбатшылық бәсеңдеді
Ең жоғары айлық инфляция СҚО мен Маңғыстау облысында тіркелді
Қазақстанда қымбатшылық бәсеңдеді, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Тұтыну бағаларының индексі бір айда баяулап, биыл маусымда 0,5% болды (мамырда – 0,6%).
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 0,7%, ақылы қызметтер 0,6%, азық-түлік тауарлары 0,2% өсті.
Маусымда жиhаз бен үйге қажетті заттар (азық-түлікке жатпайтын тауарлар) 2,6% қымбаттады. Чемодандар мен жол сөмкелердің бағасы 1,4%, велосипедтер 1,2%, жеке қолданатын заттар 1% жоғарылады.
Мамырмен салыстырғанда, маусымда құрылыс материалдары 0,8%, киім және аяқ киім, фармацевтика өнімдерінің әрқайсысы 0,7%-дан өсті. Бензин АИ-95/96 1,1%, баллондағы сұйытылған газ 0,7% қымбаттады.
Азық-түлік тауарлары арасында картоп бағасы 9,9%, жүзім 4%, лимон 3,9%, алма 3,1% өсті. Банан 10,6%, жаңа жиналған көкөніс 8,8%, жұмыртқа 5,9%, күнбағыс майы 4,2%, қарақұмық жармасы 4,1% арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында – 0,9% (орташа республикалық деңгейден 0,4 пайыз жоғары), ең төменгі Ақтөбе облысында – 0,1% тіркелді. Тұтыну бағаларының индексі бір айда Шымкент қаласында 100% болды.
Өңірлер бойынша ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Ұлытау облысында 1,3%, азық-түлік емес тауарлары Астана қаласында 1,3%, ақылы қызметтер Солтүстік Қазақстан облысында 1,4% өсті.
2023 жылғы маусымда жылдық инфляция деңгейі – 14,6%. Азық-түлік тауарларының бағасы 14,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15,8%, ақылы қызметтер 13,3% жоғарылады.
2022 жылғы маусыммен салыстырғанда, кеңсе тауарлары 67,7%, қияр 33,4%, кір сабын 42,1%, ыдысты жууға арналған құралдар 41%, қантсыз қоюландырылған сүт 42,9%, күріш 47,6%, күндізгі стационарлық емдеу 40,8%, шақпақ қант 32,2% қымбаттады.
Сондай-ақ жылдық мәнде қырыққабат 13,8%, сәбіз 9,5%, картоп 9,1%, сарымсақ 5,4%, қызылша 6,9% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі.
Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі.