Қазақстан бензинді Ресейден импорттауы мүмкін

Динара Амантай

Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары басталады

Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстан бензинді Ресейден импорттауы мүмкін, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Энергетика министрлігі 3-14 шілде кезеңінде Шымкент МӨЗ-інде катализаторды регенерациялауға және каталитикалық риформинг қондырғысын іске қосуға жоспарланған тоқтау туралы мәлімдеді. Регенерация процедурасы SR 1000 риформинг катализаторының белсенділігін қалпына келтіруге және Т-251 шикізат жылу алмастырғышының ақаулығы кезінде (АИ-95 автобензинін өндіруде қолданылады) «халық көп тұтынатын» АИ-92 автобензинін өндіруді сақтауға бағытталған.

Сондай-ақ Т-251 жылу алмастырғышы ақаулығының себептерін анықтау және осыған ұқсас жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және CNPC құрылтайшылары тергеу жүргізіп, іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатыр.

Шілдедегі автобензиндер теңгерімін сақтау мақсатында өндірістік жоспарлар келесідей түзетілді:

- Атырау МӨЗ – АИ-95 премиум автобензинін өндіру 20-дан 45 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, АИ-92 – 100 мың тоннадан аса деңгейде сақталады.

- Шымкент МӨЗ – АИ-95 премиум автобензинін өндіру 29 мың тоннаға төмендеп, АИ-92 – 140 мың тоннадан аса деңгейде сақталады.

Жазғы демалыс кезеңін және АИ-95-ке сұраныстың артуын назарға ала отырып, PetroRetail, Sinooil, Helios және Газпромнефть ірі АЖҚС желілері Қазақстан мен Ресей Федерациясының Энергетика министрліктері арасындағы индикативтік жоспар шеңберінде АИ-95 автобензинін импорттау мәселелерін пысықтап жатыр.

Қазір елдегі ЖЖМ (мұнай базаларында, МӨЗ жолдарында және резервуарларында) жиынтық қорлары:

- автобензин АИ-92 – 357 мың тонна, бұл елдің 23 тәуліктік қажеттілігін жабуға жеткілікті;

- АИ-95 – 50 мың тонна (15 тәулік);

- дизель отыны – 518 мың тонна (28 тәулік).

Бұдан басқа, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ЖЖМ жөніндегі өңірлік комиссияларының Бәсекелестікті қорғау және дамыту және қаржы мониторингі агенттіктерінің, мемлекеттік кірістер және Табиғи монополияларды реттеу комитеттерінің өкілдерімен бірлесіп, мұнай базаларында ЖЖМ қорларын өткізу мен мониторингтеуде ЖЖМ шектеулеріне, оның бағаларының негізсіз өсуі мен ағындарына жол бермеу жөніндегі қызметі жалғасады.