Мәжіліс спикері Болат Назарбаевтың жауапқа тартылуы мүмкін екенін жоққа шығармады
Мәжіліс сипкері Ерлан Қошанов Алматы қаласы маңындағы «Алтын орда» базарына жүргізіліп жатқан тергеуге қатысты пікір білдіріп, БАҚ өкілдерінің «Алтын Орда» базарындағы заңбұзушылықтар үшін Болат Назарбаев жауапқа тартыла ма?» деген сұрағына жауап берді.
«Бүгінде «Алтын Орда» базарына қатысты тергеу жүріп жатыр. Соңғы шешімді күту керек. Заң үстемдігі жүрмейтін адам жоқ. Сондықтан қылмысты кім жасаса, иесі немесе базардың басшысы болса да тиісті жазаға тартылады», - деді Ерлан Қошанов.
Еске салайық, кеше Алматы қаласының іргесіндеі «Алтын Орда» базарында 800 астам қазақ кәсіпкер базардың жаңа қожайыны Данияр Әлпиевтің рейдерлік әрекетінен зардап шегіп отырғанын айтты. Саудагерлер салынып жатқан сауда кешеніне алдын ала төлеген қаражатына қарамастан далада қалуы мүмкін.
Ал, Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында «Алтын Орда» базарында тексеру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, базарда санитарлық, экологиялық, құрылыс, төтенше жағдай нормалары бұзылған.
«Алтын орда» базарына екі ЖШС мен бір ЖК иелік етеді. Жалпы алғанда барлығы Болат Назарбаевтың отбасына тиесілі: ұлы, туыстары басқарады. Екі ай бұрын президент базарда тәртіп орнату бойынша тапсырма берді. Өкінішке қарай біз оның ішіне бірден кіре алмадық, себебі ол жерді басқаратындардың бәрі шағын және орта бизнес деп көрсетілген. Ал бізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілген. Артынан базардың көптеген жеке кәсіптен құралғанына қарамастан, оның шағын және орта бизнес емес екенін дәлелдедік», - дейді Бозымбаев.