Басқарма басшысының міндетін атқарушы пара алғаны үшін сотталуы мүмкін
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда жер сатумен айналысқан қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Қазір оған қатысты 45 млн теңге сомасында пара алғаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Соттың санкциясымен ол қамауға алынды.
Cонымен қатар тергеу осы басқарманың лауазымды адамдары аффилирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз өсіргені анықталды. Нәтижесінде мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген. Бұл ретте бағалаушының бір объект үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңге, ал 2022 жылы 10 теңге болған.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталды. Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына келіскен болып шықты. Салдарынан мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден аса төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілген.
Барлығы 470-тен аса жер учаскесі тексерумен қамтылды.
Жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.