Энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 15%-ға дейін артады
Астанада премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдардың басшылары және дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – Еуроодақ» диалог платформасының 12-отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет басшысы өз сөзінде Еуропалық Одақпен әріптестікті кеңейту Қазақстанның басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Республика сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға мүдделі. Атап айтқанда, мұндағы перспективалық бағыттар – «жасыл экономикаға» көшу және өзара көліктік байланысты нығайту.
Премьер-министр экологиялық күн тәртібі Қазақстан экономикасының орнықты дамуында негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Мәселен, 2030 жылға қарай еліміз өзінің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 4,5%-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Еуропа елдерінің баламалы энергия саласындағы тәжірибесі мен жетістіктерін ескере отырып, біз бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға мүдделіміз, — деді Әлихан Смайылов.
Ол тұрақты шикізаттың, аккумуляторлық батареялардың және жасыл сутегінің құнын құру тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік меморандум осы бағыттағы маңызды оқиға болғанын айтты. Бұл ретте осы саладағы серіктестік қазірдің өзінде нақты қадамдармен нығайтылып жатыр. Атап айтқанда, 21 маусымда Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру бойынша Svevind компаниясының ірі жобасы іске қосылды.
Сондай-ақ премьер-министр транзиттік-көлік ынтымақтастығы саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан маршруттың басқа қатысушыларымен бірлесіп Орта дәліздегі «тар жерлерді» синхронды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Сонымен қатар республика Орта дәлізді Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway бастамасымен ұштастыру бойынша еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
Жалпы Қазақстан мен Еуроодақтың «жасыл» экономика, көлік және логистика салаларындағы әріптестікті одан әрі тереңдету бойынша мүмкіндіктері көп, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы еуропалық әріптестеріне Әзербайжан мен Грузияға ресми сапары аясында келісілген ТХКБ-ны дамыту жөніндегі уағдаластықтар мен қол қойылған келісімдер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын, бұл ретте жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және өзара көлік байланысын нығайту алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Климаттың өзгеруі жаһандық қауіп болып отыр. Еуропалық Одақ 2050 жылға қарай нөлдік зиянды қалдықтар экономикасына көшу жөніндегі міндеттемесі туралы бірнеше рет жариялаған болатын. Біз Қазақстанды осы бағытта компанияларымыз мен банктеріміздің нақты жобалары арқылы қолдағымыз келеді, — деді Кестутис Янкаускас.
Одан бөлек Одақтың еліміздегі елшісі көлік инфрақұрылымын дамыту және Орта дәліз арқылы жүк тасымалдауды арттыру үшін логистикалық үдерістерді оңтайландыру жөніндегі өңірлік бастамаларды жоғары бағалады.
Отырыс барысында логистика және көлік саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде әкімшілік және инфрақұрылымдық кедергілерді жою, ЖЭК-ті дамыту, экологиялық таза отын түрлеріне көшу және басқа да бірқатар мәселе жан-жақты талқыланды.
Шараға Финляндия мен Румынияның Қазақстандағы елшілері, Globalia LTD, Deutsche Bahn және Scania Central Asia LLP компанияларының өкілдері қатысты. Аталған мәселелер бойынша республиканың орталық мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының басшылары ой-пікірлерін ортаға салды.