Өңірде 1500-ден аса тұрғын әскерге барудан қашып жүр
Павлодар облысында әскерден жалтарған жігіт жазаланды. Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Кәрімов айтты, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Оның айтуынша, әскерге барғысы келмегендер басқа облысқа кеткен.
Бүгінде облысымызда әскерден жалтарып жүрген азаматтардың саны 1500-ден асады. Олар көбіне басқа аудандар мен қалаларға, облыстарға қашып кеткен. Тіпті, шекара сыртына шығып кеткендер де бар, – деді Қанат Кәрімов өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Тіпті, биыл өңірде әскери борышын өтегісі келмеген тұрғын жазаланған.
Ол – Баянауыл ауданының тұрғыны. Оған соттың үкімімен 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту және 10 АЕК (34 500 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) айыппұл салу түрінде жаза тағайындалды. Себебі сот жігіттің әлеуметтік жағдайын ескерді, - деді Қанат Кәрімов.