Halyq Uni логотип
×

Биыл Астанада 30-дан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі

Осыған дейін 120 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталды

 Дастан Жұмабекұлы 30.06.2023 | 14:45
Биыл Астанада 30-дан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі
фото: gov.kz

Биыл Астанада «сақалды құрылысқа» айналған 30-дан аса тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осылайша, 4 мыңға жуық үлескер отбасына пәтердің кілті тапсырылады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылысы ұзақ уақытқа созылған түрғын үйлердің құрылыстарын аяқтау бойынша ауқымды, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін 120 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталған болатын. Енді биыл 30-дан аса үйдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл үйлердің әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Мысалы, «Тұран Сығанақ» ТК 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Бұл үйдің блоктарының бір бөлігі бірнеше қабатқа ғана көтерілген болса, кейбір блоктарында жұмыс тіптен басталмаған да еді. «Арыстан блок 1» ТК-нің құрылысы 11 жыл бұрын басталған, ал «Хазар» ТК құрылысы үш қабат деңгейінде тоқтатылған. Мұндай мысалдар жеткілікті. Бірақ әрбір құрылыс бойынша нақты іс-шаралар жоспары бар, – деді әкім.

Сондай-ақ ол құрылыс компаниялары заңнамада көзделген қатаң талаптарға сәйкес белгілі бір жағдайларда ғана үлескерлердің қаражатын қабылдай алатынын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, ол – тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Сонымен қатар, қала тұрғындарын ақпараттандыру және заңның бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлердің қаражатын қабылдауға құқығы жоқ құрылыс салушылардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама