Тоқаев полицияға қатаң талап қойды
Ішкі істер министрлігінің басшылығы халықпен етене араласып, проблеманы бірігіп шешкен дұрыс, - деді ол
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптар туралы айтты.
Ол соңғы кезде әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалардың жарияланып жатқанын, кейбір адамдар видеоны шығарып, әдейі, қасақана арандатушылық жасайтынын, сондай кезде полицияға ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу керектігін айтты.
Бұл полиция үшін өте маңызды нәрсе. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады, – деді ол.
Осы ретте, ол офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп екенін, солар басқа әріптестеріне, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсету керектігін атап өтті.
Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды, – деді ол әрі қарай.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылда полицияның деңгейін көтеру үшін нақты шаралардың атқарылғанын, жалақының бірнеше рет көтеріліп, тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлер көбейгенін жеткізді.
Қазір тұрғын үй төлемдерін алатын қызметкерлердің саны 38 мыңнан асты. Ұлттық ұланға қолдау көрсетілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлініп отыр. Инновациялық технологиялар енгізілуде.
Жалпы ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді. Осының бәрі азаматтарды қорғау және қоғамдық тәртіпті нығайту үшін керек. Темірдей тәртіп – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі, деді президент.
Сонымен бірге ол Ішкі істер министрлігі басшылығының аймақтарға барып, жұртпен кездесіп жүргенінен хабардар екенін, халықпен етене араласып, жергілікті жердегі проблеманы көзбен көріп, ақылдасып, бірлесіп шешуді қолдайтынын атап өтті.