Halyq Uni логотип
×

Адамдарды қажылыққа заңсыз апарған компания жауапқа тартылады – Тоқаев

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне алаяқ кәсіпкерлерді заңға сәйкес жауапқа тартуды тапсырды

 Дастан Жұмабекұлы 30.06.2023 | 13:36
Адамдарды қажылыққа заңсыз апарған компания жауапқа тартылады – Тоқаев
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде Сауд Арабиясына қажылыққа барып, елге қайта алмай жатқан бір топ қазақстандықтың проблемасын да сөз етті.

Жиында мемлекет басшысы көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатқанын, құқық қорғау органдары олармен табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтты.

Мен бүгін қоғамда өзекті болып тұрған тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазір көптеген азаматымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде, – деді ол.

Осыған мысал ретінде президент туристік компанияның қызметіне алданып қалған бір топ азаматтың проблемасына назар аудартты.

Жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді, мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс екенін, әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешу керектігін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама