Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс, – деді ол
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде заңға бағынатын адамға құрметпен қарап, адамды азаптауға, қинауға мүлде жол бермеу керектігін атап өтті.
Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлде жол берілмеуі керек. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс, – деді ол.
Оның айтуынша, күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады.
Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоққы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет, – деді президент.
Жиында президент құқық қорғау органдарының алдында тұрған басқа да мәселелер туралы айтты.