Ұйымдасқан қылмыстық топтар елге үлкен қауіп әкеледі – Тоқаев
Бірде-бір құқықбұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды, - деді президент
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. Жиында ол қылмыстың ұйымдасқан түрлеріне қатысты мәселе көтеріп, оның мемлекет пен қоғамға қауіп төндіретінін айтты.
Қылмыстың ұйымдасқан түрлері мемлекет пен қоғамға зор қауіп төндіреді. Ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті. Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақбасты, көзқысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Олардан қаһарман жасаудың керегі жоқ. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты» деп айтқан. Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті, – деді президент.
Сонымен бірге ол жалпы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың ара-жігін нақты ажырата білу қажеттігін атап өтті.
Тағы да қайталап айтамын. Қоғамда Заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида, – деді президент.
Оның айтуынша, қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде-бір құқықбұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ.