Самат Әбіш қайда жүр? ҰҚК бұрынғы қызметкеріне қатысты бірнеше сұраққа жауап берді
Самат Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан 17 қаңтарда босатылды
Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылық құрамы қамауға алынды. Нақтырақ айтқанда, ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов, оның орынбасарлары - Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Өсіпов қазір қамауда отыр.
Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты іс Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша тергеліп жатыр.
- «Мемлекетке опасыздық жасау»;
- «ҚР Конституциясын бұзып, билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға не ҚР конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттер»;
- «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату, адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер»;
- «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану»;
- «Пара алу».
Аты аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс «өте құпия» деген белгімен тергеліп жатыр.
Қысқасы, қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіштен басқа ҰҚК басшылығында болғандардың бәрі қамауға алынды. Осы ретте Halyq Uni тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне бірнеше сауал жолдады.
- Самат Әбіш қазір қайда жүр? Оның Қазақстаннан кеткені туралы ақпарат қаншалықты рас?
- Оның қаңтардағы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар-жоғы анықталды ма?
- Самат Әбіш ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап бере ме?
- Жақында Қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкерлері Самат Әбіштің «талабын» орындамағаны үшін заңсыз сотталғандарын айтты. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғала ма?
- Қайрат Сатыбалды мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды қамауға алынды. Самат Әбіштің ағасына тағылған айыптарға қатысы бар ма?
ҰҚК баспасөз қызметі редакция жолдаған бес бірдей сауалға бір ауыз сөзбен жауап берді.
«ҰҚК тергейтін қылмыстық істер бойынша С.Әбіш күдікті деп танылмады. Құзыретіміз шегінде өзге ақпарат ұсына алмаймыз. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз ҚР ӘПК 91-бабына сәйкес шағымдануға құқылысыз», - делінген ҰҚК жауабында.
Еске салайық, 17 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған Самат Әбіш қызметінен босатылды.