Сөз соңында өз қолтаңбасын қалдырған
Халықтың «ерке қызы» атанған белгілі әнші Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің соңғы хатын халыққа жария етті деп жазды Halyq Uni.
Кенет өлсем, ақ денемді пышақ салып кеспеңдер!
Іште жатқан бар ізгілік босқа ұшпасын, теспеңдер!
Ақ жарқынды, ақ келбетті шешем тосып жатыр ғой,
Мені өсірген ару ана жанына алсын, Батыр ғой!
Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов 18 жыл бұрын өлең хат жазып қалдырған. Ол жарына деген махаббаты мен аманатын өлеңмен жеткізген екен.
Байқамаппын салмағын,
Өмір зілін, жалғанын.
Махаббат бар деп өзіңмен,
От боп лаулап жанғанмын.
Жаным енді төзерсің,
Тағдыр басқа салғанын.
Жақсы басар жаманды,
Алла айтар талғамын.
Жаратқан ием қолдаса,
Күшейтер саған қорғанын.
Жау жеңіліп, сен жеңіп,
Үзерсің шынжыр торларын.
Әсем ән әлі құлпыртар
Жарық айдың толғанын.
Елің көрер ертең-ақ
Мерей сендей болғанын.
Сендерге қидым қайшымен
Ғұмырымның қалғанын.
Өнерді мәңгі алғасын,
Алла берсін жалғасын.
Хат 2005 жылдың 26 тамызында жазылған. Заманбек Нұрқаділов сөз соңында өз қолтаңбасын қалдырған. Еске сала кетсек, ол дәл осы жылдың қарашасында жұмбақ жағдайда қаза тапқан еді.