«Не деген ұят!»: Атырауда құрбан айт кезінде дүрбелең болды

Халық үні

 Тұрғындарға тегін сыйлық таратылған

фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Атырауда алаңда сыйлық таратып жатқан кездегі дүрбелеңнің видеосы пайда болды. Осы оқиғаға қатысты Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі пікір білдірді. 

Желіде тараған видеодан киіз үйлердің маңында тұрғындарға тегін сыйлық таратылғанын, сыйлық алғысы келген жанның көптігінен адамдардың қысыла бастағанын байқауға болады. Желі қолданушылар бұл жағдайды сынға алды.

Ұйымдастырушылар қашан осындай жағдайға жеткізбеуді үйренеді екен? Жылда қайталанатын жағдай, мұндай жаңалықтар қазір таң қалдырмайды», «Не деген ұят!», «Балаларға тәттілер таратқанның өзінде олар бұлай жүгірмейді. Ұят, енді бұл! Не деген айғай?!, – деп жазады пікір білдірушілер.

Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл жайт 28 маусым күні Исатай мен Махамбет алаңында Құрбан айт мерекесін тойлау кезінде болған. 

14 киіз үй тігілді. Кейбірінде балаларға сыйлықтар (тәттілер) таратылды. Мыңға жуық сыйлық болды. Оларды тарату кезінде шағын кезек пайда болды. Ешкім медициналық қызметкерлер мен тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген жоқ. Ешкім зардап шеккен жоқ. Осы жайттан кейін еріктілер киіз үйлерден шығып, сығылысу болмас үшін алаңда сыйлық таратуды жалғастырды, – деп хабардар етті ведомстводан.