«92 адам!»: Кентауда фаст-фудтан уланғандар көбейіп жатыр
Науқастар суши мен тауық етін жеген
Кентау қаласында орналасқан «Ризық-Рауаны» фаст-фуд дәмханасында фаст-фудтан уланғандар саны 92 адам болды. Бұл туралы Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов айтты.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, уланғандардың арасында 14 жасқа толмаған 40 бала, 3 аяғы ауыр әйел бар. Қазір осы жағдайға байланысты Кентау қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Облыстық әкімдіктің мәліметіне қарағанда, уланғандар фаст-фуд дәмханасында суши мен тауық етін жеген. Олар 27 маусымнан бастап орталық қалалық ауруханаға түсе бастаған. Науқастардың барлығы бір дәмханадан тамақтанған.
Еске сала кетсек, бұл дәмханада жаппай улану жағдайы осымен үшінші рет қайталанып отыр. Былтыр тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам фаст-фудтан уланып қалған болатын. Бұл жолы 92 адам зардап шекті.
Бұған дейін дәмханадағы тамақтан әуелі 58, одан кейін 67 адамның уланғанын хабарлаған болатынбыз.