×

Астанада су тапшылығы толық шешіледі – әкімдік

Жылумен жабдықтау мәселесі де назарда тұр

 Дәурен Ерболат 29.06.2023 | 15:56
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Елордада жаңа су станциясының (ССС-3) бірінші кезеңі іске қосылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа нысанның іске қосылуы тәулігіне 35 мың текше метр су беруге мүмкіндік береді. Осылайша қаладағы су тапшылығы мәселесі толық шешіледі.

Станцияның құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, гидросынақтар жүргізілді. Іске қосу-баптау жұмысы аяқталып, су дайындау жүйесіне тестілеу жүргізіліп жатыр.

Тамызда ССС-3 екінші кезеңін іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, қалаға су беру қуаты тәулігіне 100 мың текше метрден асады. Бұған дейін қалада су құбырының құрылысы аяқталып, іске қосылған. Бұл судың қысымын арттыруға және жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекеніндегі сорғы-сүзгі қуатын кеңейту аяқталады. Жобалар болашақта Астананы сумен қамтамасыз ету бойынша қосымша қуат береді.

Сонымен қатар қаланы жылумен жабдықтаудың қосымша көлемімен қамтамасыз ету үшін 2 газ жылу станциясының («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») құрылысы жүріп жатыр. №3 ЖЭО-да жұмыс жүргізілуде. Бұл нысандарды жаңа жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама