Ауылдарды дамытуға 1 трлн теңге бөлінеді
Жоба халықтың табысын арттыруды көздейді
«Ауыл аманаты» жобасына 7 жылда 1 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенінде 536 млрд теңгенің 300-ге жуық жобасы іске асырылып жатыр.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемі биыл 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру 145 млрд теңгеге жетті. Жеңілдетілген бағамен егіс жұмыстарына 419 мың тонна дизель бөлінді. Егін жинауға қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын жаңғыртуға баса назар аударылатынын атап өтті.
Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде микронесие беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан аса ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн теңге қарастырылады, - деді ол.