Орталықтағы мамандардың кәсіби біліктілігін әлемдік медицина қоғамдастығы да мойындайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық нейрохирургия орталығын 15 жылдығымен құттықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған Қазақстан нейрохирургтарының V конгресі басталды. Ашылу салтанатына премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен медициналық орталықтардың бірінші басшылары және 250-ден аса қатысушы қатысты. Оның арасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден аса нейрохирург бар.
Салтанатты ашылуда Тамара Дүйсенова президенттің Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған құттықтауын оқып берді.
«Сіздерді Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына 15 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы кезеңде клиника Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде нейрохирургия саласының көшбасшысына айналды. Сіздердің қажырлы жұмыстарыңыздың арқасында отандастарымыз ең үздік әлемдік практика мен бірегей жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп отыр. Әлемдік медицина қоғамдастығы кеңінен мойындаған сіздердің ғылыми және кәсіби жетістіктеріңіз отандық медицинаның сапалы өсуінің жарқын үлгісі болып саналады.
Қазір Ұлттық нейрохирургия орталығы біліктігі жоғары медицина мамандарының шеберханасына, олардың кәсіби білім мен тәжірибе алмасуына қажетті алаңға айналды. Клиниканың дәрігерлері мен барлық қызметкері адал еңбек етіп, ұлтымыздың саулығын нығайтуға зор үлесін қосып келеді. Мемлекет денсаулық сақтау саласын кешенді түрде дамытып, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды жан-жақты қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдап келеді.
Керемет хирург және Қазақстанның нағыз патриоты Серік Қуандықұлы Ақшолақов бастаған Нейрохирургия ғылыми орталығының бүкіл ұжымына амандық, пациенттердің әрдайым сау-саламат болуын және ғылым мен медицина саласында жаңа жетістіктерге жете беруді тілеймін», - деп жазылған хабарламада.