Олар 100% нәтиже көрсетіп отыр
Қазақстандық оқушылар математикадан халықаралық Балкан жасөспірімдер олимпиадасында 6 медаль жеңіп алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Албания астанасында математикадан 27-ші Халықаралық Балқан жасөспірімдер олимпиадасы (JBMO) аяқталды. Оған Балқан түбегі мен қонақ елдерден 130-ға жуық оқушы қатысты.
Халықаралық математика жарысында Қазақстан құрама командасы 6 медаль жеңіп алып, 100% нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар:
• Амирлан Аманжолов – Алматы қаласының КеАҚ «Республикалық физика-математикалық мектебі» 9-сынып оқушысы (алтын медаль);
• Серік Мұрзабек – Ақтөбе облыстық дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы (күміс медаль);
• Ерқанат Кеңшілік – Ақтөбе облыстық дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы (күміс медаль);
• Әлинұр Маратұлы – Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы (қола медаль);
• Жанарыс Теңдіков – Қарағанды облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы (қола медаль);
• Аят Абдуллаев – Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы (қола медаль).
Қатысушылар математикалық олимпиадалардың ережелеріне сәйкес құрастырылған авторлық тапсырмаларды орындады. Оларды шешу үшін міндетті түрде ерекше тәсіл қажет. JBMO-ға қатысу – барлық қатысушылар үшін өте қысқа уақытта мәселелерді шешуде өз қабілетін тексеруге жақсы мүмкіндік, – деді топ жетекшісі Владимир Жук.
Айта кетсек, олимпиадаға 19 жыл ішінде 114 қазақстандық оқушы қатысып, 15 алтын, 47 күміс, 37 қола медаль жеңіп алған.