Бұл шара ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді
Қазақстаннан ірі және ұсақ малдың аналық басын әкетуге тыйым салынады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 маусымда ведомство басшысы мен премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрінің Қазақстан аумағынан 6 ай мерзімге ірі және ұсақ малдың аналық басын әкетуге тыйым салу туралы бірлескен бұйрығы күшіне енеді.
Сонымен қатар, 23 маусымнан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағынан 60 мың бас торпақ мөлшерінде тірі ІҚМ (СЭҚ ТА коды 0102) әкетуге 6 ай мерзімге шектеулер енгізді.
Оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін – 30 мың бас;
- тауар өндірушілер үшін – 30 мың бас.
Сондай-ақ тірі қой мен ешкіні (СЭҚ ТА коды 0104) 120 мың бас көлемінде шығару шектеледі.
Оның ішінде:
- бордақылау алаңдары үшін – 30 мың бас;
- тауар өндірушілер үшін – 90 мың бас.
Торпақтарды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 500 бастан, ал бір тауар өндірушіге 200 бастан аспайды.
Қошқарларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына лимиттің жиынтық саны 1 мың бастан, ал бір тауар өндірушіге 500 бастан аспайды.
Айта кетсек, соңғы жылдары көрші елдерде тірі малға деген сұраныс артқан. Бұл малдың шетелге белсенді шығарыла бастауына түрткі болды. Экспорт көлемінің көбеюі мемлекеттің мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамыту жөніндегі барлық жұмысын жоққа шығаруы мүмкін.
Статистика көрсеткендей, аналық малды әкетуге тыйым салу өз нәтижелерін беріп жатыр. Биыл 1 қаңтарда ірі қара мал басы 2,5%, оның ішінде сиыр 6,3% және қой 2,3% өсті. Бұл мал шаруашылығы өніміндегі ішкі нарықтың қамтамасыз етілуіне оң әсерін тигізді.
Бұдан бөлек, тыйым салу кезеңінде ет өңдеу көлемі 7,7%, яғни 164 мың тоннадан 176,7 мың тоннаға дейін ұлғайды. Бұл – ет өндірісінің жалпы көлемінің 25% ғана.