Елордадағы LRT құрылысы тоқтап тұрса да компаниядағы 40 адам жалақы алып отыр
Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 300 мың теңге
Елордада жеңіл рельсті жол құрылысынан бас тарту туралы шешім қабылданғанымен, бұл мақсатта құрылған «LRT Construction Directorate» ЖШС жұмысын жалғастыруда, деп жазды inbusiness.kz.
Компанияның қаржылық есебіне сүйенсек, шығындар құрылымындағы ең үлкен үлесті (65%) еңбекақы алады. Өткен жылы бұл мақсаттарға 145,8 млн теңге жұмсалды. 2021 жылы орташа есеппен 40 адамға айлық төленген. Сөйтіп бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 300 мың теңгені құраған екен.
Еске сала кетсек, бұл ЖШС Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен (оның 100 пайыз қатысуымен) құрылған болатын.
Жарғыға сәйкес, серіктестіктің негізгі қызметі жобаларды басқару бойынша консалтингтік қызметтер көрсету болып табылады. Серіктестік өз қызметін LRT жобасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенге дейін жүзеге асырады. Кірістің негізгі бөлігі осы ЖШС, CTS және China Railway Asia – Europe Construction Investment Co арасындағы үш жақты келісімге сәйкес қызметтерді көрсету есебінен қалыптасады.
Былтыр негізгі қызметтен түскен кіріс 224 млн теңгені құрады. Оның 145,8 млн теңгесі қызметкерлердің жалақысына, 35 млн-ы үй-жайды жалға алуға, 9,8 млн теңгесі көліктерді жалға алуға кеткен. Бас директордың міндетін атқарушы – Бақыт Қарсақбаев. Қаржылық есептілікке 2022 жылдың 27 наурызында қол қойылды.
Айта кететіні, қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атышулы жобаның қайта қаралатынын мәлімдеген болатын.
«Бұл әдеттегі инфраструктуралық жобадан еліміздің беделіне нұқсан келтіретін жобаға айналды. Бұған дейін көп қаржы бөлінді, шетелдік серіктертермен бірге келісімшарт бекітілді. Бұл жоба бастапқыда қате басталды. Мұны мойындау керек. Жемқорлықтың иісі аңқып тұрған жоба. Енді оңтайлы шешім қабылдауымыз қажет. Себебі оны бұзу – уақыт пен қаржы шығынына алып келеді. Бізде басқа амал жоқ. Осы жобаны қолданысқа енгізетін мүмкіндіктерді қарастыратын отандық және шетелдік архитекторларды шақыру қажет», – деді Президент.