Үкіметте Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмысы қаралды

Дастан Жұмабекұлы

Премьер-министр ведомствоға тиісті тапсырма берді

фото: ашық дереккөз

Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан су кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға қатысушылар су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша құзырлы органның және бассейндік инспекциялардың тиімділігін арттыру, тиісті мамандарды даярлау және жалпы су дипломатиясын нығайту мәселелерін қарады. 

Бұдан басқа, Су ресурстары бойынша жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының консорциумын құру жоспарлары қарастырылды. Атап айтқанда, бұл ғылыми орталық жұмысы барлық мамандандырылған институттардың әлеуетін салалық даму бағдарламаларын әзірлеуге біріктіруге мүмкіндік беретіні айтылды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Экология және табиғи рерурстар министрлігіне су шаруашылығы саласына цифрлық технологиялар мен тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін (ТБЖ) енгізуді жеделдету қажеттігін баса айтты.

Бұл мониторинг пен жауапты мамандар жұмысының тиімділігін арттырады, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, - деді премьер-министр.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр құзырлы мемлекеттік органдарға гидрогеологиялық зерттеулерді дамыту бағдарламасын әзірлеуді, жерасты суларының мониторингін автоматтандыру және басқа да геоақпараттық технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.