Жамбы атудан ұлттық құрама әлем кубогына аттанды
Жамбы атудан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы әлем кубогіне аттанды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Венгрияның Помаз қаласында 28 маусым мен 2 шілде аралығында өтетін әлем кубогына 14 мемлекеттен 100-ге жуық мергендер жиналатын болады.
Әлемдік додада ел намысын жамбы атудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ералхан Айкөз бен Бақдәулет Бабажан, ел чемпионатының жеңімпаздары Батыр Бексауыт пен Мадияр Шәріпбаев сынды мергендер қорғайды. Ұлттық құрама мүшелерін жамбы атудан бас жаттықтырушы Елдос Бадашев бастап кетті.
Спортшылар халықаралық стандарттар негізіндегі нысаналар бойынша бақ сынайтын болады.
Ұлттық құраманың әлемдік сында өнер көрсетуіне Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт Қауымдастығы мен «Жамбы ату» федерациясы ықпал жасап отыр.
Ал, «Жамбы ату» федерациясының бас демеушісі «Alageum» компаниясы спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Кубок барысында «Жамбы ату» федерациясының президенті Еркебұлан Ильясов халықаралық келісімдер жүргізіп, аталған спорт түрін елімізде дамытудың жаңа бағыттары мен технологияларын талдап, тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.