Тиісті талапты сақтамаған 17 сауда нүктесі бұзылған
Алматыда заңсыз орнатылған дүңгіршектер сүрілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тиісті талапты сақтамаған 17 сауда нүктесі бұзылған. Жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында 6 дүңгіршек, Абай даңғылында 8 нысан және Орбита-4 шағын ауданында 3 нысан сүрілді. Өз бетінше орнатылған дүңгіршектер тротуарға, жол жиегіне шығып кетіп, қаланың сыйқын кетірген. Әдетте, мұндай нүктелер қоқыс жиналатын орынға айналып, өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді.
Әкімнің бастамасымен биыл алғаш рет «Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда нысандарын орнату қағидасы» қабылданды. Егер ережені елемесе, сауда нүктелері бұзылады.
Былтыр Алматыда 500-ден аса заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысаны анықталды. Бүгінде оның 120-сы сүрілген.