Halyq Uni логотип
×

Рәміздік таңбаларды тану жұмыстары жүйеленбеген – рәмізтану маманы

Жүйелейтін арнаулы орталық құру бүгінгі күннің талабы болып отыр

 Ая Өміртай 28.06.2023 | 09:30
Рәміздік таңбаларды тану жұмыстары жүйеленбеген – рәмізтану маманы
Фото: el.kz

Рәміздік таңбаларды тану, дәйектеме-деректемелерді топтастыру  жұмыстары жүйеленбеген. Бұл орайда біз Геральдикалық зерттеулер орталығының мамандарымен сөйлесіп, рәмізтануға қатысты мәселелерді сұрап білдік.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік рәміздер – саяси статусы жоғары, мәртебесі заңмен белгіленген еліміздің  ең басты  символы. Ал рәміздер саясатының дұрыс жүргізілуі қай кезеңде болмасын мемлекет тұтастығы мен тұрақтылығының негізгі кепілі. 

Саяси мағынасы аса зор мемлекеттік рәміздер мемлекет қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің, біртұтастығының белгісі. Саяси рәміздердің тарихи генезисі көнеден келе жатқан алуан түрлі таңбалардан (қаған әулеті таңбасы, мөрі, ру-тайпа таңбалары т.б.) бастау алады. Бүгінгі рәмізтану ғылымында «Ғұн  рәміздері», «Түркі қағанаты рәміздері»,  «Алтын  Орда рәміздері», «Қазақ хандығы рәміздері», «Алаш рәміздері», «Кеңестер дәуір рәміздері», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» сынды ұғымдар жүйесі қалыптасты. Қазақ халқы сақ-ғұн дәуірінен бастап көк түркілер, үйсін, қарлұқ, қаңлы, қыпшақ, хазар, қимақ, сармат дәуірі, Жошы ұлысы мен Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығына дейін көшпелілерге ғана тән өзіндік дүниетанымға негізделген ру таңбалары, хандардың мөрлері, тулары, нумизматика, cфрагистика сияқты рәміздік белгілерді қолданып келсе, Ресейлік отарлау кезеңінен бастап өзіне тән құндылықтарынан жалпылай ажырап, тарихи жадын ұмытып, ендігі жерде батыстың еуроцентрлік бояуы сіңген геральдикалық танымын қабылдай бастады. Осы саладағы атау-терминдердің бәрі де батыстан кіріп, қазақтың төл ұғымдары (мысалы, кірке, пайза, тұғыра, мөр-жүзік, байрақ, таңба т.б.) қолданыстан шықты.  Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде көне таңбаларды, ұғымдарды жаңғыртуға, рәміз, нышандарымызды өз дүниетанымызға негіздеп, ұлттық нақышта жасауға талпыныстар жасалып келеді, - деп түсіндірді Геральдикалық  зерттеу бөлімі басшысы Жібек Бултанова. 

Оның айтуынша, басқа саладағы тарихи таңбалар мен символдық белгілердің (жазу таңбалары, графикалар, петроглифтер т.б.) дамуын зерттейтін мекемелер болса да, мемлекеттік рәміздердің тарихи маңызын біртұтас қарастырып, жүйелейтін арнаулы орталық құру бүгінгі күннің талабы болып отыр.

Себебі, бұған дейін түркі халықтарының таңбалары мен белгілері, олардың шығу тегі, дамуы ғылыми кешенді  түрде зерттелмеген. Рәміздік таңбаларды тану, дәйектеме-деректемелерді топтастыру  жұмыстары жүйеленіп, бірізденбеген. Осы олқылықтардың орнын толтыру, Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу мақсатында  Орталықтың ғылыми зерттеу бөлімі таңбалардың түрлері (типтерін), маңыздылығы, мақсаты, мазмұны, қолданылу аясы, әр кезеңдердегі рәміздер, нышан, белгілердің  байланысын ғылыми негіздеу және түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын байырғы түркі дәуіріндегі рәміздік таңбалардан Елтаңбаға дейінгі белгілердің философиясы, семантикасы, символдық мәнін зерттеу жұмыстарын қолға алып отыр, - дейді Жібек Бултанова.

Ал аталған орталықтың бас маманы Нұрдәулет Шаймұрат рәмізтану тарихын зерттеуде таңбатану бағытындағы еңбектермен ғана шектелмей, мифология, фольклор, әдебиет, түркітану, шығыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, рәмізтанудың толық сипаттамасын беруге талпыныс жасалу керек екендігін айтады.

Көшпелілердің  дүниетанымына негізделген ру таңбалары, хандар мөрі, тулары, нумизматика, cфрагистика, сигнуманистика, фалертистика салаларын жүйелеу, біріздендірумен қатар әдістемелік, терминологиялық,  жалпы ұлттық рәмізтануға қатысты мәселелер салмақты зерттеулерге сұранып тұр.  Бұл бүгіннен бастап жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс жұмыстар. Рәмізтанудың арғы бастауын тануда көне деректердің маңызы зор, - деген ол рәміздерді ғылыми жүйелеудегі алғашқы тәжірибе деп қабылдауға болатын бірнеше еңбекті атап өтті.

Қазақ геральдикасы» альбомы және «Таңбалар тілі» ғылыми-танымдық журналы жарыққа шықты. «Таңбалар тілі» журналы ұлттық қажеттілікке қызмет етпек. Журналда таңбалар мен таңбатануға, рәмізтануға қатысты тарихи деректер жарияланып, сол деректерге  ғылыми талдау жасалады. Бұл басылым рәмізтану, таңбатану  саласының мамандары мен ізденушілеріне, еліміздегі саяси элита мен осы салаға қызығушылығы бар оқырмандарға арналған. Ал «Қазақ геральдикасы» альбомында Ежелгі мемлекеттердің рәміздері (Ғұн, Түркі, Қарахан), Ұлық Ұлыс-Алтын Орда,  Қазақ хандығы, Кеңестік Республикалар  Одағындағы Қазақстан рәмізі,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері –  ежелден бергі мемлекеттік рәміздердің  тарихи дамуы алғаш жүйеленіп, топтастырылды.

Біз таңбатану аясында өркен жайған ұлттық рәмізтану тарихын сөз еткенде ұлық бабаларымыз құрған ұлы мемлекеттердің ортақ идеологиясы мен сабақтастығы туралы баян етуді мақсат еттік», - дейді Геральдикалық  зерттеу бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Шаймұрат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама