Мекемедегілер бет-жақ хирургі маманының жоқтығын растап отыр
Атырауда №36 мектептің жоғары сыныпта оқитын жеті бірдей оқушысы өздерінен төмен оқитын баланы жабылып ұрған. Ауыр соққылардан жағы сынған оқушы ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Тіпті, оқушыға мектепте алғашқы медициналық көмек көрсететін медбике де табылмаған. Одан бөлек, жағы сынып кеткен балаға қажетті медициналық көмек көрсететін бет хирургі Атырау облысында жоқ болып шыққан. Сондықтан мектеп оқушысын ата-анасы көрші Батыс Қазақстан облысына алып кеткен.
Бүгін бұл мәселегt байланысты Атырау облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі жауап беріп, 25 сәуірде сағат 17:30 шамасында Атырау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жарақат алған науқас жеткізілгенін растады. Оқушы құлақ, мұрын және бет-жақ бөлімшесіне жатқызылған.
«Науқасқа медициналық көмек көрсетілді. Науқастың жедел операцияны қажет етпеуі және қазіргі уақытта бет-жақ хирургі маманының болмауына байланысты Батыс Қазақстан облысының ауруханасының маманымен науқасты (Орал қаласына) жолдауға келісілді. Алайда, науқастың ата-анасы сағат 12:00-де өз еркімен қолхат жазып, науқасты Батыс Қазақастан облысына алып кетті», - делінген облыстық аурухана хабарламасында.
Атырау облыстық балалар ауруханасы қазір бет-жақ хирургін дайындап, биыл жұмысқа шығаруды жоспарлап отыр екен.