Қазақстанда инфляция төмендеуін жалғастыра ма – Ұлттық банк сауалнама жүргізді
2025 жылы инфляцияның 7,1%-ға дейін төмендеуі күтіліп отыр.
Ұлттық банктің биылғы сауалнамасының нәтижелері бойынша сарапшылар инфляцияға қатысты өз пайымдарын өзгертті, деп хабарлайды Halyq-uni.kz.
Реттеуші макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары жоқ екенін атап өтті. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысы туралы нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу қамтылған.
Сонымен, респонденттер 2023 жылғы инфляцияны 12,2% (мамырда – 11,8%), ал 2024 жылғы инфляцияны 9,4% (8,4%) деңгейінде болжайды. Ал, 2025 жылы ол 7,1%-ға (7,2%) дейін аздап төмендейтіні күтіледі.
2023-2024 жылдарға арналған Қазақстан экономикасының өсімі бойынша күтулер 4% деңгейінде сақталды. Бұл да ЖІӨ-нің ұзақмерзімді әлеуетті өсімін (4%) бағалауға сәйкес келеді. Қазақстан экономикасының 2025 жылға өсімі бойынша болжамдар 4,0%-дан 4,1%-ға дейін біршама көтерілді.
Сондай-ақ, өткен кезеңмен салыстырғанда, респонденттер базалық мөлшерлеме 2023 және 2025 жылдары жоғары болады деп күтеді. Осылайша, 2023 жылға арналған болжам жылына орта есеппен 16,2%-дан 16,3%-ға дейін, 2025 жылға – 9,5%-дан 10%-ға дейін өсті. Респонденттер 2024 жылғы базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде болжайды.