«Кабинетте отырмаңыздар»: Әлихан Смайылов бейқам шенеуніктерге ескерту жасады

Дәурен Ерболат

Өңірлердегі ЖЭО-ларды жөндеу жұмыстары кешіктіріліп жатыр

фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жылыту маусымына қазірден бастап дайындалу керегін айтып, бейқам шенеуніктерге ескерту жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтылмаған. Біз осы мәселені маусымда әдейі ертерек қарап отырмыз. Жылыту маусымының басталуына дейін уақыт жеткілікті. Жөндеу жұмыстарының бекітілген кестесі бар. Оларды бұзуға болмайды, - деді премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазірдің өзінде әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысында бірқатар кемшілік бар.

«Мысалы, жүйелі оператор KEGOC компаниясы жылу электр орталықтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын бекітті. Бірақ бұл жұмыстар көптеген өңірде кешігіп жатыр. Тіпті, енді бірі жөндеу жұмыстарын келесі жылға қалдыруда. Сондай-ақ Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталмаған. Мерзімнің бұзылуы – 60 күн. 

Рудный жылу орталығында да осындай жағдай. Жұмыс 45 күннен бері тоқтап тұр. Теміртау қаласындағы (ГРЭС-1) қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды», - деді премьер.

Әлихан Смайылов энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін күшейту қажетін атап өтті.

Өйткені уәкілетті органдар 27 энергия өндіруші компания үшін көтерме тарифтерді бекітіп берді. Ол тарифтерді станциялардың өздері ұсынды. Министрлік ұсыныстарды қабылдады. Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу. 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр.

Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер болып отыр, - деді ол.

Үкімет басшысы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп баға берді.

«Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс.

Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Жаз ортасына таяп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа. Сондықтан тәуекел де жоғары. Егер жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданады», - деді Смайылов.