Halyq Uni логотип
×

БҚО-дағы ұлттық спорт мәселелері басты назарда

Кездесу барысында тараптар өңірдегі ұлттық спорт түрлерінің мән-жайын, ондағы түйіткілді мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады

 Халық үні 26.06.2023 | 19:39
БҚО-дағы ұлттық спорт мәселелері басты назарда
фото: Halyq Uni

Өткен аптада ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-Технологиялық университеті жанындағы Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтына арнайы іс-сапармен барды.

Сапар барысында Тастанбек Құтжанұлы аталмыш институттағы жануарлардың генетикалық сараптамасын анықтайтын зертхананың жұмысымен танысты.

Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтының зертханасы Халықаралық жануарлар генетикасы қауымдастығына мүше болып табылады.

Заманауи талаптарға сай соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған зертхана тек жануарлардың ғана емес адамдарға да генетикалық сараптама жасай алатын қабілеті бар.

«Әлемдік стандарттарға сай, озық технологияларды қолданатын бұл зертхананы біз дұрыс бағытта пайдалануымыз қажет. ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының құрамына кіретін тоғыз спорт болса, соның бесеуі атқа тікелей байланысты.

Бізде атбегілік және жылқыға байланысты кәсіби тұрғыдағы бірде бір маман жоқ. Осы мәселелерді шешуде аталған зертхана маңызды рөл атқарады. Біз алдағы уақытта зертханамен қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз» деді аралау барысында Т. Есентаев.

Одан соң ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өңірдегі ұлттық спорт түрлерінің мән-жайын, ондағы түйіткілді мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Құтжанұлы Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшылығы мен ұлттық спорт түрлерінің өкілдерімен өткен дөңгелек үстелге қатысты.

Орал қаласындағы теннис орталығында өткен бас қосуда Тастанбек Құтжанұлы бірнеше мәселелерге тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, біз отандық және халықаралық сарапшы мамандарды, әлемдік деңгейде тәжірибесі мол ғалымдарды жұмылдырып ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – ұлттық спорт түрлерін дамыту концепциясын өте жоғары деңгейде әзірлеу. Себебі, аталған тұжырымдама – ұлттық спорт түрлерін Олимпиадалық спорт түрлерімен деңгейлес етуге бағытталған даңғыл жол.

Келесі жылы елімізде V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді. Айтулы доданың маңызы мен жоғары деңгейде өткізілуі Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарында.

Одан бөлек, елімізде ұлттық спорт түрлерін меңгерген бірде бір кәсіби маман, бірде бір оқулық бағдарламасы жоқ. Бүгінгі таңда Ұлттық спорт Қауымдастығы жоғарғы оқу орындарымен тікелей байланыс орнатып, аталған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруда.

Ал, жалпы, өңірлердегі ұлттық спортты дамыту мәселесінде бірізділік, жүйелілік болуы тиіс» деді дөңгелек үстелде сөз алған Т. Есентаев.

Жиын соңында қатысушылар алдағы уақытта ұлттық спорттың мәртебесі мен абыройын көтеру жолында жүйелі жұмыс істеуге келісіп, барлық мәселелерді бірлесе шешуге келісті.

Айта кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті болып белгілі кәсіпкер және меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов сайланған болатын.

Бүгінгі таңда ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының құрамына 9 спорт түрі кіреді. Олар: Бәйге, Көкпар, Жамбы ату, Теңге ілу, Аударыспақ, Құсбегілік, Тоғызқұмалақ, Асық ату және Дәстүрлі садақ ату.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама