Ербол Сейілхан «Арнайы репортаж» номинациясы бойынша үздік атанды
Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланып, арнаулы номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталды. Құрамында Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік орган өкілдері кіретін комиссия шешімі бойынша осы жылы жеңімпаздар жеті номинация бойынша сайысқа түсті. Биыл Парламент сыйлығы сегізінші рет тапсырылып отыр.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Журналистер күні тек сіздердің ғана мерекелеріңіз емес, бұл – күллі қоғамның мерекесі. Себебі, қоғамды сіздерсіз, БАҚ өкілдерінсіз елестету мүмкін емес. Біздің жұмысты насихаттап, елге заңдардың мәнін түсіндіретін де сіздер. Сол үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін», – деді Мәжіліс спикері.
Журналистер «Үздік баспа жарияланымы үшін», «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін», «Үздік телевизиялық сюжет үшін», «Үздік бейне-сурет материалы үшін», «Үздік интернет және радио материалы үшін», «Арнайы репортаж» және «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы үшін марапаттар табысталды.
«Парламент сөзі» сыйлығын «Халық Үні» медиа-холдингінің бас продюсері, «Сұрауы бар» YouTube каналының жүргізушісі Ербол Сейілхан жеңіп алды. Ол «Арнайы репортаж» номинациясы бойынша үздік деп танылды.
«Сұрауы бар» YouTube каналы бір жыл ішінде еліміздегі танымал медиажобаға айналып үлгерді. Бүгінде YouTube желісінде «Сұрауы бар» каналының 200 мыңнан астам жазылушысы бар.
«Сұрауы бар» жобасы бұған дейін қатарынан екі рет Қазақстандағы ең үздік қазақтілді YouTube канал деп танылған еді.
«Сұрауы бар» елдегі әлеуметтік саяси мәселелерді көтеріп қана қоймай оның шешілу жолдарын іздейді, талқыға салады.
«Сұрауы бар» алаңына Сенат, Мәжіліс төрағаларынан бастап, министр, депутат мен әр саланың мықты сарапшылары келіп арнайы сұқбат беріп жүр.