Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынасты тек қазіргі президенттер талқылауы керек – СІМ

Дәурен Ерболат

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Назарбаев пен Лукашенконың телефон арқылы сөйлесуіне қатысты түсініктеме берді

Фото: hvylya.net

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың телефон арқылы сөйлесуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол СІМ бұл ақпаратты білетінін атап өтті.

Беларусь президенті біздің экс-президентімізбен бұрыннан жақсы араласады. Сондықтан олардың арасында өзара айтатын әңгіме көп. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің сыртқы саясатын, оның ішінде шет мемлекеттермен қарым-қатынасты айқындау Қазақстан президентінің құзыретіне кіреді. Сондықтан Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы тек қазіргі мемлекет басшылары арасында талқылануы керек. Біздің Беларусь Республикасымен қарым-қатынасымыз стратегиялық сипатқа ие, күн тәртібінде тұрған мәселелер жоқ, барлық деңгейде тұрақты және әртүрлі байланыс сақталған, - деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресей мемлекетінің басшысы Владимир Путинмен және Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлескені белгілі болған еді. Бұл туралы Беларусь президенті хабарлаған-ды.