БҚО-да банктен 120 млн теңге жымқырылған
Істің мән-жайын полиция анықтап жатыр
Батыс Қазақстан облысында банктен шамамен 120 млн теңге жымқырды деген күдікке 2 адам ілінді, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
26 мамырда «Банк РБК» АҚ әмбебап қор банкінің аға менеджері Бөрлі ауданы полиция бөліміне барған. 25 мамырда тексеру барысында ол банктен 67 млн теңге, 34 500 еуро және 80 мың доллар ұрланғанын айтқан.
Бүгінде бұл қылмысқа қатысы бар 2 адамға айып тағылды. Оның біреуі Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен ұсталды. Дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағына («Алаяқтық») сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, - деп жазылған хабарламада.