Маңғыстау облысында борышкерлерден 42 млн теңге айыппұл өндірілді
8 автокөлік айыптұраққа қойылды
Маңғыстау облысында 7-30 маусым аралығында республикалық «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, іс-шараның мақсаты – жол қозғалысын қадағалау, әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді анықтау, олардан тиісті айыппұлды ерікті немесе мәжбүрлі түрде өндіріп алу.
Іс-шара аясында Маңғыстау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері патрульдік полиция батальоны инспекторларымен бірігіп, рейдтер ұйымдастырып жатыр. Осылайша, тізім бойынша борышкерлер анықталып, олардан 42 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Сондай-ақ жеке сот орындаушылармен бірігіп істелген жұмыстың нәтижесінде 8 автокөлік айыптұраққа қойылып, айыппұлды мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушыларға 1500 дерек жіберілді.
Учаскелік полиция инспекторлары 3 492 қаулы шығарды. Ол борышкерлердің мекенжайларына таратылды. Жедел-профилактикалық іс-шара маусым айының соңына дейін жалғасатын болады.