Патрульдік полиция батальонының бір қызметкері бетінен жарақат алды
Атырау қаласының Авангард-2 шағын ауданында ер адам итті өтіп бара жатқан адамдарға айтақтаған. Бұл туралы AtyrauPress хабарлады.
Полицияның мәліметінше, оларға 31 жастағы тұрғын көмек сұрап жүгінген. Себебі белгісіз ер адам стаффорд тұқымды итіне әйел мен ер адамды қаптырған. Соның кесірінен ит 1992 жылғы ер адамның қолынан тістеп алыпты.
Иттің иесі оны оқиға орнына дереу келген полицейлерге де қарсы айтақтаған. Патрульдік полиция батальонының бір қызметкері бетінен жарақат алды.
«Құқық қорғау органдары туралы» заңның 61-бабы, 6-бөлігіне сәйкес патрульдік бекетке көмекке келген автопатрульдеу қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы құралдарды қолдана отырып, ит залалсыздандырылды. Медициналық куәландыру нәтижесінде иесінің мас екені анықталды, – деп хабарлады полиция.
32 жастағы ер адам заңды шаралар қабылдау үшін жедел-тергеу тобына берілді.