Тікұшақпен ұшып шыққан Ақмола облысының әкімі күтпеген жағдайға тап болды

Халық үні

Зеренді ауданы «Көкшетау» МҰТП саңырауқұлақ орманшылығының аумағында орман алабының жануы анықталды

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-8 тікұшағында орманды дала алабын әуеден барлап шықты, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ұшу барысында 15 сағат 05 минутта Зеренді ауданы «Көкшетау» МҰТП саңырауқұлақ орманшылығының аумағында орман алабының жануы анықталып, өрт орнына қону және өртті қолда бар құралдармен сөндіруге кірісу туралы шешім қабылданды. 20 м/с дейінгі желдің екпініне байланысты өрттің таралу қаупі туындаған.

Дереу дабыл бойынша «Көкшетау» МҰТП, Ақмола облысы ТЖД, «Викторовка» ЖШС ЖЗҚ және «Айдабыл спирт зауыты» ҰМКҚ жеке құрамынан 30-дан астам адам және 7 бірлік техника жұмылдырылды.

​Айта кетейік, алғашқы бөлімшелер келгенге дейін өрт ауыздықталды.

​Уақытылы және жедел іс-қимылдардың арқасында 0,02 га аумақтағы өрт 15:35-те оқшауланып, сағат 16:00-де жойылды.

​Аймақ басшысы табиғи парк пен орманшылықтың әрекетсіздігін сынға алды.

«Орманды алқаптарды авиациялық патрульдеудің артықшылығын атап өткен жөн. Бүгінгі күні әуеде ұшудың арқасында өртті дер кезінде байқап, сөндіруге мүмкіндік туды, бұл өрттің үлкен аумаққа таралуына жол бермеді», - деді Ермек Маржықпаев.