Абай облысында халықты ақшаға алдаған енесі мен келініне сот шешімі шықты
Екеуі айналдырған жарты жылда 230 млн теңге иемденіп алған
Абай облысында енесі мен келіні қаржы пирамидасын құрып, халықты көп ақшаға алдағаны үшін сотталды.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, енесі мен келіні халықты 230 млн теңгеге алдаған. Олар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл қылмыстық іс былай басталған: қылмыстық істің мүддесіне байланысты атын қысқартып айтқанда есімі А-дан басталатын әйел 2020 жылы аса ірі көлемде халықтан ақша жинаудың жолын ойластырады. Осы мақсатта ол қаржы пирамидасын құрып, оны басқару жоспарын жасайды. Оған ол өзінің келіні Е есімді әйелді тартады. Берілген тапсырмаға сәйкес, келіні салымшыларды пирамидаға тартумен, олардың тізімін жасаумен, аударылған қаражаттарының есебін жүргізумен және оларды салымшылар арасында қайта бөлумен айналысады.
Мііне содан кейін енесі мен келінінің жұмысы дөңгеленіп, олар айналдырған алты айда халықтың 230 млн теңге ақшасын иемеденіп алады.
Олар елға қойған мақсаттарына жету үшін әйелдер WhatsApp желісі мен Telegram арнасында топ ашып, салымшыларды пирамидаға тарту үшін неше түрлі маркетингтік жоспарлар жасап, қызықты да тартымды дүниелер жариялайды.
Олар пирамидаға қатысушыларды үйрету үшін «қораптар» деп аталатын топ ашып, ол жерде пайыздар бойынша салымдар мен төлемдердің мөлшерін анықтап отырған. 2020 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында аса ірі мөлшерде 230 миллион теңгеге жуық қаражат жинаған.
Сот оларды Қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылып, азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді, - деді қылмыстық атқару департаментінің өкілдері.
Енді олар қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең төменгі мекемесінде жазасын өтейді.