×

Президент Ғани Бейсембаевты қабылдады

Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне ұдайы көңіл бөлуді тапсырды

 Динара Амантай 23.06.2023 | 13:11
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысына мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді.

Ғани Бейсембаевтың баяндамасынан:

  • Қыркүйектен бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагогтардың еңбекақысы 30 пайызға өсетіні;
  • Жыл соңына дейін балабақшаларда 81 мың орын ашу жоспарланып отырғаны;
  • Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 98 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні;
  • Педагогтарды аттестаттау рәсімі жетілдірілетіні, енді олардың кәсіби біліктілігі пәнді қаншалықты жақсы білетініне қарай, ал жұмысының нәтижесі білім алушылардың оқу жетістіктері негізінде бағаланатыны;
  • Биыл 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары толық тегін тамақпен қамтамасыз етілетіні, сондай-ақ білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, лицензиясы бар күзетпен, турникеттермен және жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жоспарланып отырғаны;
  • Биыл техникалық және кәсіптік білім алушы студенттердің 80 пайызы тегін оқитыны, әрі қыркүйектен бастап олардың шәкіртақысы 50 пайызға, ал келесі жылы 100 пайызға артатыны, кәсіпорындар колледж түлектерін міндетті түрде жұмысқа орналастыру шартымен мамандарды мақсатты даярлау ісіне алғаш рет атсалысытыны белгілі болды.

Кездесу соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-ағарту министріне білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне ұдайы көңіл бөлуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама