Елімізде ЖОО қабылдау комиссияларының жұмысы басталды

Динара Амантай

Құжаттарды қабылдау 20 маусым – 25 тамыз аралығында жүргізіледі

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда университеттердің қабылдау комиссиялары жұмысын бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2023-2024 оқу жылына ЖОО-ларға түсу үшін құжаттарды қабылдау 20 маусым мен 25 тамыз аралығында жүргізіледі. 13-20 шілдеде білім беру гранттарының конкурсына өтініш қабылдау өтеді.

Отандық ЖОО-ларға оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек.

Сондай-ақ, жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар қажет.

Оқуға түсушілер 18 мамырдан бастап, 5 шілдеге дейін өтетін ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін грант конкурсына ұсына алады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Айта кетсек, «Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» білім беру салалары бойынша қабылдау арнаулы емтихан нәтижелері есепке алына отырып жүргізіледі. Бұл емтихан университет базасында 20 маусым мен 20 тамыз аралығында өткізіледі.

Шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштерді ЖОО-лар 20 маусымнан 7 шілдеге дейін қабылдайды, емтихандардың өзі 8-15 шілде аралығында өтеді.