Болат Назарбаев автобазарынан айырылды
Алғашқы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев «Барыс» автобазарынан айырылды, деп хабарлады Алматы облысы сотының баспасөз қызметі.
«Сот ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу кезінде облыстық органның және жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органдардың келісімі болмағанын анықтады.
Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін оның заңдылығы мен негізділігіне байланысты өзгертусіз қалдырды, - деп жазылған облыстық соттың хабарламасында.
Қарасай ауданының прокуратурасы бірінші сатыдағы сотқа Болат Назарбаевтың жер учаскелерін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы және жер учаскелеріне меншік құқығын мемлекеттік тіркеуді жою туралы талап арызбен жүгінген. Аудандық сот прокуратураның талабын қанағаттандырған. Бірақ Болат Назарбаев сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым жазған.
Айта кетейік, Қарасай ауданындағы 37 гектар жер теліміне Болат Назарбаев иелік еткен. Онда «Барыс» көлік базары орналасқан.
Бұған дейін Болат Назарбаев «қызметке қойған» әкім 9 мың гектар жайылымды бір отбасының меншігіне бергені хабарланған еді.