Экс-мемлекеттік қызметкер көшбасшының қандай болу керегін айтты
Халықтың сенімін ақтау маңызды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Этикалық көшбасшылық» семинары өткізілді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Семинарды Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова жүргізді. Оған ИИДМ-ге қарасты барлық комитет пен департаменттің қызметкерлері қатысты.
Оның пікірінше, мемлекеттік аппараттың сапалы әрі тиімді жұмысы ең әуелі басқару жүйесінде қызмет ететін мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан олардың бойындағы көшбасшыға тән қасиетті дамыту маңызды.
«Мемлекеттік қызметті алып қарайық. Мысалы, ИИДМ – ұлттық экономикамыздағы маңызды секторларға жауапты орган. Президент жүктеген тапсырмаларды сапалы орындап, халықтың сенімінен шығу үшін ведомствоның тиімді жұмыс істеуі маңызды.
Міне, осы тұста көшбасшылық әдепті дамытудың өзектілігі арта түседі. Мемлекеттік қызметкер қандай да бір мәселе бойынша шешім қабылдағанда үлкен жауапкершілікті сезінуі қажет. Өйткені, оның пәрмені мемлекеттік мүддеге, халықтың тағдыры мен ұзақмерзімді келешегіне әсер ету мүмкін. Демек, этикалық құндылықтар осындай күрделі мәселелерді реттеп, сондай-ақ қоғамға пайдасын тигізетін амалдарды қолға алуға септігін тигізеді. Ал бұл құндылықтар шынайылық, қызметке деген адалдықтан, өз-өзіңе есеп беру сынды қасиеттерден тұрады, - деді ол.
Айта кетейік, Айнұр Кәрібозова 1978 жылы туған.
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған;
- «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Лондон экономика мектебінің «Мемлекеттік басқару және менеджмент» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген;
- 2000–2019 жылдары Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті, Ақпарат және талдау басқармасы, Қазақстанның Оңтүстік Корея және Ұлыбританиядағы елшіліктерінде қызмет еткен;
- «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы Оқытуды ұйымдастыру және мониторинг департаментінің директоры;
- KazakhInvest АҚ және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының Ұлыбританиядағы өкілдіктерінің басшысы лауазымдарын атқарған;
- 2019-2022 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ (Болашақ бағдарламасы) президенті болды.