СҚО-да 17 сүт фермасының құрылысы басталды

Динара Амантай

Облыс әкімі өңірдің дамуы жөнінде есеп берді

Фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында 17 сүт фермасының құрылысы басталды. Бұл туралы өңір әкімі Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар алағында өткен брифингте айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 5 айда 101 млрд теңге болып, өсім 103,6%-ға жеткен. Дақылдар аумағы 90 мың гектарға ұлғайып, 4,5 млн гектар болған. Қарақұмық алқабы 3 есе, картоп, сәбіз және қырыққабат 2 есе өсті.

Сондай-ақ 17 сүт фермасының құрылысы басталып, 9 ферма жыл соңына дейін іске қосылады. Агроөнеркәсіп кешенінде барлығы 77,5 млрд теңгенің 31 жобасы іске асырылып жатыр. Олар – құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар, суару және майды экстракциялау зауыты.

Өңдеу өнеркәсібінде 2023 – 2026 жылдары 35 жоба пулы жасақталды. Биыл 60 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылып, 800 жұмыс орны ашылады.

Сонымен бірге «Ксерион» тракторы, «Хорш» егіс кешендері сияқты ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру желісі кеңейіп келеді. Болашақта «Аксион» тракторлары және «Рейман» тіркемелері шығарылмақ. Сондай-ақ, жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар мен ламинатталған ДСП сияқты жаңа жобалар іске асып жатыр. Жалпы облысқа 496 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Облыста 36 көпқабатты тұрғын үй, оның ішінде 16 коммерциялық ғимарат салынбақ. Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам отбасы пәтер кілтін алады. Оның ішінде 702 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінеді.

Бұған қоса әкім Петропавлда жол жөндеу сомасы 12 есеге ұлғайтылып, 25 көше жөнделетініен айтты. Жыл соңына дейін облыста 705 шақырым жол ретке келтірілмек.

Ал сумен қамтуға 18 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 18 мың адам тұратын 31 ауылға су тартылады.

Серіктестік құрылтайшылары ЖЭО-2 қазандықтарын жөндеуге, жаңа құбыр тартуға, жылу және электр желілерін жаңартуға бөлінген қаржыны 6 млрд теңгеден 12 млрд теңгеге дейін ұлғайтты.

Білім беру саласында 4,3 млрд теңгеге 49 білім нысаны күрделі жөндеуден өтеді. 2,8 млрд теңгеге мектептердің материалдық базасы жаңартылады. Жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Мектептерді мамандандырылған күзетпен қамту үшін 540 млн теңге бөлінді.

2025 жылға дейін облыста 7 мектеп, 2 балабақша, 46 медициналық нысан салынады. Күзде облыс орталығында 2 емхана ашылады. Кішкенекөл ауылында жаңа емхананың құрылысы басталды. Медициналық құрал-жабдықтарды жаңартуға 5,5 млрд теңге бөлінді.

Өңірге сұранысы жоғары мамандарды тарту үшін көтерме ақы көлемі екі есе өсіп, 5 млн теңгеге дейін жетті.