Астанада волонтерлік хаб ашылды
Форум аясында Астанада волонтерлік хаб ашылды
Бүгін екі күнге созылған халықаралық волонтерлер форумы өз мәресіне жетті. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі хабарлады.
Министрлік ұйытқы болған алқалы жиынға БҰҰ, ТМД, Түркі мемлекеттері ұйымы, Түрксой, АӨСШК секілді халықаралық ұйым өкілдері мен 34 елден қатысушылар келді.
«Мемлекет басшысының іс-шараға арнайы қатысып, сөз сөйлеуі, волонтерлікті өркендету жолында маңызды мессеждер бергені саланың дамуына жол ашады деп сенеміз. Сол секілді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутериштің форумға үндеу жолдауы, Ұйымның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторидің үндеуді тапсыруы, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әл Сабри, Түркияның белгілі мәдениет қайраткері Халук Левент және басқа да спикерлердің сөз сөйлеп, Қазақстандағы волонтерлікті дамытудағы жұмыстарға жоғары баға беруі айтулы оқиға болды», - деп жазды министр әлеуметтік желіде.
Дархан Қыдырәлінің айтуынша, форум аясындағы келелі кеңестерде салмақты ұсыныстар, маңызды ой-пікірлер айтылды. 11 сессияда 80-ге жуық спикер сөз сөйледі. Бұл біз үшін болашаққа бағдар жасап, ізгі қоғам құру жолында бірлесе күш біріктіруге мүмкіндік беретін маңызды алаң деп білеміз. Мұның барлығы тегіміздегі ізгілікті оятып, бізді адамгершілікке негізделген бір мүддеге жұмылдырады.
«Форум аясында Астанада волонтерлік хаб ашылды, бұл да еліміздің өңірдегі волонтрлікті өркендететін орталыққа айналғанын көрсетеді деп ойлаймын. Жиындағы тағы бір жаңалық - Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы (БҰҰЕ) арасында толық қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қоюылуы болды. Келісім Қазақстан азаматтарының БҰҰ құрылымдарында әлемнің түрлі елдерінде өз волонтерлік қызметін жүзеге асыру мүмкіндігін іске асыруына мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркия Республикасы арасында волонтерлік қызмет саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Келісімдер халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтеді деп сенеміз», - дейді министр.