×

«Ата-анасынан иіліп кешірім сұрауы керек»: ҚазБаттың экс-командирі сарбаздардың өлімі туралы

Экс-командир ата-аналардың баласын әскерге жіберуден бас тартуы қауіпті құбылыс екенін айтады

 Айнұр Шошаева 25.04.2022 | 19:38
коллаж: Halyq Uni

ҚазБаттың Тәжікстандағы экс-командирі, полковник Роман Құрманбаев сәуір айында әскер қатарында жүріп қаза тапқан қос бірдей қазақ сарбазының өліміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әскер қатарында болған қайғылы жағдайдың бірнеше себебі бар.

«Мен 1984 жылдан бері әскери саладамын. Әскерде адам шығыны кез келген уақытта болды. Сарбаздың өлімі соғыс уақытында да, бейбіт кезде де болған. Алдымен жас сарбаздардың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтамын. Бұл жағдай саладағы кемшіліктердің барын көрсетіп отыр. Алдымен командирлік бақылауды уысынан шығарып алған. Командир жағдайды бақылауында ұстап, бәріне ие болуы керек. Ол өзіне бағынатын адамдарға не қажетін білуге тиіс. Жедел қызмет сарбаздары бөлімшеге қалай болса солай - дайындықсыз жіберілді», - дейді ол.

Құрманбаевтың пікірінше, әскерге іріктеу мәселесіне назар аудару керек.

«Қазір әске мүлде басқа буындағы жастарды таңдаймыз. Кеңес заманындағы әскерге шақырылушы мен бүгінгі қазақстандық шақырылушының менталитетінде, тәрбиесінде, физикалық және моральдық дайындығында біршама ерекшелік барын түсінуіміз керек. Далада, базарда немесе университетте жүрген жігітті ұстап алып, әскерге жіберуге болмайды. Іріктеудің әлсіздігінен осындай жағдай болып отыр. Себебі әскердегі тәртіпке (жүктемеге) елдің бәрі төзе бермейді. Командирлер бөлімшеде болған тәртіпсіздікке жол берді. Онда жарғылық қатынастардың бұзылғанына күмәнім жоқ», - деп қосты полковник.

ҚазБаттың экс-командирі соңғы айда тіркелген сарбаздардың жұмбақ өлімі ҚР Қарулы күштерінің имиджіне нұқсан келтіріп отырғанын айтты.

«Әскерге аяғымен барып, табытпен қайтқаны қай ата-ана үшін де ауыр. Бұлай болмауы керек. Бірлесіп жұмыс істеу керек. Бар мәселені армия шешеді деген пікір қатеді. Оған қоғамдық ұйымдар, алғашқы әскери дайындық бойынша мектептегі мұғалімдер, ата-аналар да атсалысып, әскерм борышын өтеу мемлекеттік қызметтің ерекше түрі екенін түсіндіруі керек. 2020 жылы Кавказдағы, биыл Украинадағы жағдай әскердің қажет екенін көрсетті емес пе?», - дейді Құрманбаев.

Фотода солдан оңға қарай бірінші – Роман Құрманбаев

Роман Құрманбаев әскердегі әлімжеттікке қатысты да ойын айтты. Ол «әлімжеттік» деген сөзді тек әскермен байланыстырудың дұрыс еместігін, ондай жағдай ер азаматтардың басы қосылған кез келген ортада болатынын жеткізді.

Бұл табиғи құбылыс. Өзінің мықты немесе ақылды екенін көрсетуге тырысу тек әскерде ғана емес, мектеп пен университетте де кездеседі. Сондықтан терең тәрбиелік мәні бар - психологиялық жұмыс жүргізу керек, - дейді спикер.

Айта кетейік, Роман Құрманбаев Қазақстан қарулы күштерінің шекара қызметінде жеті жыл қызмет атқарған. Айтуынша, шекара заставасының басшысы қарамағындағы сарбаздарды тәрбиелеп, бақылауында ұстауға тиіс.

«Кейде әр өңірден келген адамдар тіл табыса алмай жатады. Осындайда психолог ұжымдағы қарым-қатынасты зерттеп, бірлесіп қызмет етуге дайындығын тексереді. Мәселе сол психологтардың жұмысында болып тұр. Қазір жастарды түсініксіз бөлімдерге тастап жатырмыз.

Жқында жас сарбаз жұмбақ күйде жоғалып кетіп, бір айдан соң көрші мемлекет аумағынан асылып тұрған жерінен табылды. Шекарашы шекара бойымен жүреді. Алайда ол шекараны кесіп өтсе, ол туралы тиісті басшылар хабардар болуы керек. Егер ол өзі кесіп өтсе, шекараны қалай күзетті деген заңды сұрақ туындайды», - дейді ол.

Еске сала кетейік, 2 наурызда жоғалып кеткен Шекара қызметінің қатардағы жауынгері Ұлықбек Бердішовтің мәйті 10 сәуір күні Қырғызстаннан табылған болатын.

«Мен шекара заставасы бастығының тікелей кемшілігі бар деп есептеймін. Бұл сарбаз бірнеше ай қызмет етті. Шекарадағы бөлімше командирі солдатты қабылдаған кезде оған мінездеме кітабы келеді. Жеке күнделік деп аталады, онда ол туралы барлық ақпарат бар - қайдан шыққан, қайда оқыған, қандай жарақат алған және т.б.», - деп қосты әскери.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі қайтыс болған сарбаздардың ата-анасының алдында басын иіп, кешірім сұрау керек деп есептейді.

«Осындай жағдайлардан соң ата-аналар баласын әскерге жіберуге қорқады. Әрине, ұлын әскерге жібермеу туралы ата-ананың құқығы бар. Баланы дүниеге әкеліп, қатарынан кем қылмай өсіреді. Білім, тәрбие береді. Жол көрсетіп, өмірге баулиды. Солай өсірген ұлының әскерден мәйіті келеді. Олардың алдында жауап беру керек, басын иіп кешірім сұрау қажет.

Шекараны қорғау маңызды. Егер Қазақстандағы ата-аналар баласын әскерге жіберуден бас тартса, оның соңы қиындыққа әкелуі мүмкін», - деп қорытындылады сөзін Роман Құрманбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама