×

Қарағанды облысында судағы жазатайым оқиғаларды алдын алуға жұмыссыздар тартылады

Өңірде шомылуға тыйым салынған 240 орын бар

 Динара Амантай 21.06.2023 | 16:10
Фото: Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Қарағанды облысында судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға жұмыссыздар тартылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев су айдындарын патрульмен тексеру және судағы жазатайым оқиғаларды алдын алу үшін жұмыссыздарды тартуға шақырды. Сонымен бірге ол коммуналдық жағажайларды жайластыру жұмыстарын да сынға алды.

Жаз айларында су айдындарындағы профилактикалық жұмыстарды бәсеңдетуге болмайды. Адамдар демалғысы келеді. Бірақ сіздер оларға қай жерлер қауіпті екенін жеткізулеріңіз керек. Өздеріңіз білетіндей, шомылуға тыйым салу белгілерінің көмегі аз. Сондықтан профилактикалық жұмысқа жұмыспен қамту орталықтары, ТЖД құтқарушылары мен полициямен бірігіп жұмыссыз адамдарды тарту қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімдігінде өткен кеңесте.

Қарағанды облысы бойынша шомылу маусымы басталғаннан бері 4 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған бала қаза тапты.

Бұл қайғылы оқиғалар Нұра, Бұқар жырау, Абай аудандарында және Қарағандының Федоров су қоймасында болды. Барлығы шомылу үшін белгіленбеген жерлерде болған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50%-ға азайғанымен, алдын алу жұмыстарын әрі қарай жалғастыруымыз керек, – деді Қарағанды облысының ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Қазір облыста шомылуға тыйым салынған 240 орын бар. Олар ескерту белгілерімен жабдықталған. Бұл су айдындарында патрульмен тексеруді күшейту қажет.

Басқа адамдарға сабақ болу үшін құқық бұзушыларға айыппұл салу керек. Адамдар біздің ең алдымен олардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдайтынымызды түсіне бермейді. Сондай-ақ, жағажайларда суға батқандарға алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтарын өткізу қажет. Бұл жұмысқа дәрігерлерді, «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің еріктілерін тарту қажет. Сонымен қатар коммуналдық жағажайларды жайластыру бойынша жұмысты жеделдету қажет. Дүңгіршектерді орнату, құтқару құралдарына арналған орындарды ұйымдастыру қиын емес. 10 күн ішінде нәтижені күтемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама